Пресс-центр

09/02/2017
Бизнес и власть
Далаға шыққан кезде, айналаң  - адал, отансүйгіш және дұрыс адамдарға толы болса

Далаға шыққан кезде, айналаң - адал, отансүйгіш және дұрыс адамдарға толы болса

​Raimbek  холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов – өзінің мұрат-мақсаттары, жеке басының, кәсіпкерлік және қоғамдық өмірдегі құндылықтары туралы.​

«Қазіргі кезде «жүйелілік» деген сөз біраз жауыр болған сияқты, әр жиналыс сайын кез келген басшы осы сөзді тілге тиек етуді міндетке айналдырғандай. Меніңше, бұл сөздің мағынасын,  екінің  бірі  түсіне білмейтін сияқты»

- Райымбек, әңгімемізді қазіргі болып жатқан жағдайдан бастасақ деймін. Сіздің қазіргі өміріңіздің бағыты қандай? Бәріне ырзасыз ба?

- Иә, мен өз өміріме, бүгінгі жетістіктеріме ырзамын.  Егер де, бүгінгі күніңе позитивті қарамасаң, онда ертеңің де табысты бола қоймас деп ойлаймын. Әрине, қиындықтар жоқ деп айта алмаймын, бірақ мен оларға философиялық тұрғыдан қараймын. Ең маңыздысы - алдыңа қойған мақсаттарға жету, ал кедергілер мәнді емес, олардан құтылудың амалын өмірлік тәжірибенің өзі үйретеді. Бұл велошабандоздар тәрізді – жолдың бір бөлігінде міндетті түрде қиындық туындайды, былайша айтқанда, дағдарысқа тап боласың. Өмірде де дәл осылай: дүркін-дүркін дағадрыстар болып тұрады. Ең бастысы - сабыр сақтау керек, сонда бейнетіңнің зейнетін көре аласың. Өмірде бәрі де құбылмалы ғой. Бастысы, мақсат болу керек. «А» нүктесінен «Б» нүктесіне дейін әр-түрлі тәсілдермен жетуге болады, бұл бір мәселе, ал қандай жолмен жүру керектігін өзің ғана шеше аласың. Оның үстіне, «А» нүктесінен «Б» нүктесіне дейін жету үшін, ортамыз қаншалықты жетілген, соны білу керек. Көбінде былай болады, алдыңа бір  мақсат қоясың, ал іс жүзінде, оған жетуге не сен толыспаған болып шығасың, немесе сені қоршаған орта жетіле қоймаған болады. Бәрі де табиғаттағыдай. Жеміс  мерзімді уақытта және белгілі жағдайда ғана пісіп жетіледі. Ауа – райы қолайлы болды ма, онда өнім де болады. Қолайсыз болса, не болатынын өзіңіз де білесіз. Міне, қазір бізді де қызанақтар мәселесі кідіртіп тұр. Шырындарды жергілікті қызанақтардан өндірмекші болдық (күледі). Ал енді күн сайын жауын, жауын, жауын. Содан қызанақтарымыз үш апта кешігіп пісті. Бұл енді мысал ретінде.

- Сонда сіздің мақсаттарыңыз қандай?

- Олар сан түрлі бағытта. Біріншіден, тек жанұялық мақсаттар бар. Алты балаң болған соң, менің айтарлықтай жаңалық ашпайтыным анық. Бар болғаны, осы балаларымызға жақсы тәрбие, білім берсек, олар жақсы жұмысқа тұрса, мықты жанұя құрса екен дейміз. Бірақ бұл үлкен еңбек, оны іске асыру үшін көп жұмыс жасау керек. Ештеңе де өздігінен бола қоймайды. Сол себепті, жанұялық мақсат бар. Үлкен балаларымыз ер жетті, кәсіпкерлікпен айналысып, өздері ұнататын жұмыстарын атқарып жүр. Әрине, олар дегендеріне жетсе екен дейміз. Екіншіден, кәсіпкерлік мақсаттар бар, олар да айқын әрі түсінікті. Әр түрлі бизнес-жобалар бар, бірақ әр қайсысының өзіндік нақты стратегиясы да жоқ емес. Мәселен, қазір біз қазақстандық шикізаттарды өз өнімдерімізде қолданып жатырмыз. Бұл өте маңызды. Онсыз болашағымыз жоқ.  Алғашқы нәтижелер де жоқ емес –  осы күзде  Juicy шырынында біздің бақтың алмаларынан өндірілген езбе болады.  Үшіншіден, әлеуметтік мақсаттар бар. Бұл спортты дамыту, жастар кәсіпкерлігін, мәдени бастамаларды қолдау. Барлығымыз да өмір сапасы мүлде басқа, қызыққа толы, жайлы елде өмір сүрсек деп тілеймін. Кәсіпкерлігімнің арқасында, әлемді шарлап, жақсы тәжірибе жинауға мүмкіндігім бар. Менің ойымша, Қазақстан және нақты Алматы – бұл шын мәнінде жайлы етуге болатын ел және қала. Және де, оны қалай іске асыруға болатынын да білемін.

- Сіздің көңіліңізден шыққан жобаларыңыз қандай? Нақты нені жақсы жағына өзгерткіңіз келеді?

-  Мен кезінде спортпен шұғылданған болатынмын. Қазір де қатыстымын. Оның жүйесін ішінен білемін. Көпшілік спорт пен инфрақұрылымды дамытпайынша, кәсіби спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес екендігін түсінемін. Бюджет қанша көп бөлінсе де, біріншіден, бұл салаға жемқорлық терең сіңіп кеткен. Екіншіден, экспаттарға көп көңіл бөлініп жүр, ал өзіміздің жасөспірімдер мен балалар мектептері, ұйымдастыру деңгейі жағынан артта қалып отыр. Бұл жерде спортқа жіті көңіл бөле отыра, біз салауатты өмір салтын тарататындығымызды түсінуіміз керек. Бүгінде бұл тренд әлем бойынша күш жинап келеді. Тіпті біздің шенеуніктер де өзгеріп келеді: егер де  90-шы жылдары олар, мәселен, моншалардан шықпайтын болса, енді марафондарға, триатлондарға және басқа да спорттық шараларға қатысатын болып жүр. Әрине, бұл өте жақсы, бірақ, негізгі  қалың жұртшылық үшін дұрыс материалдық-техникалық  база құрылмаған. Ата-аналар балаларының  міндетті түрде олимпиада чемпионы болуын емес, көбінесе, олардың суда жүзіп, велосипед тебуді үйренуін қалайды. Ал біздің еліміздегі көптеген секциялар ақшасы көп адамдар үшін ғана қолжетімді.  Мен қандай өзгерістер керек, жеке-мемлекеттік серіктестік қағида қандай болуы мүмкін, клуб жүйесін қай жерде қолдануға болады, бюджет қаражатын тиімді жұмсай отыра, соның есебінен жеке қаражаттарды қалай тарту керектігін, осының барлығын ішінен білемін. Бұл жерде қиын ештеңе жоқ, бар болғаны мұны қолға алу керек. Бұл туралы көптеген жылдар бойы сөз қозғап жүргендер жетерлік, бірақ, сөзден іске көшетін кез келді. Оның өзінде, жүйелі әрі кәсіби түрде кірісу керек. Қазіргі кезде «жүйелілік» деген сөз біраз жауыр болған сияқты, әр жиналыс сайын кез келген басшы осы сөзді тілге тиек етуді міндетке айналдырғандай. Меніңше, бұл сөздің мағынасын,  екінің  бірі  түсіне білмейтін  сияқты. Жүйе құру үшін, барлығын анық көре білу керек. Классикадағыдай: стратегия мен тактика болу керек.

- Райымбек, біз жаңа тілге тиек етіп кеткен үш: жеке басыңыздың тірлігі, кәсіптік, қоғамдық үш бағыт бойынша мақсаттармен жүйелі түрде жұмыс жасау қолыңыздан келіп отыр деген сөз ғой?

- Мен тырысудамын. Десе де, кей кезде жүйелі тәсілмен жұмыс істеу, мен ойлағандай бола бермейді.

- Көбінде қай бағытта жұмыс істегеніңіз нәтижелі болып жүр?

- Бағыма қарай, жанұямда бәрі жап-жақсы. Сосын, осы үш бағыт бойынша өмірлік тәжірибем, мені жүйелілікке үйретті. Егер кәсіпкерлік туралы айтар болсақ, біздің барар жолымыз қай бағытта екенін анықтайтын айқын стратегия мен ұғынушылығымыз бар. Алдымызға қойған мақсаттарды жүзеге асыруға әр кез мүмкіндік бола бермейтін сәттер де болады.  Әрине «А» нүктесінен «Б» нүктесіне дейін әр түрлі жолмен жетуге болары анық, бірақ, менің бұзғым келмейтін белгілі бір қағидаларым бар.

- Сіздің қағидаларыңыз қандай?

- Тәуелсіздік, адалдық, әдептілік.

- Үш бағыттағы мақсаттарыңыз туралы айтар болсақ, олардың жетістіктері қай деңгейде дер едіңіз?

- Жанұяға тоқталсақ, мұнда бәрі оңай: алты бала, оның екеуі өз бетінше өмірге қадам басты. Екеуі де университет бітіріп, бірінші жыл жұмыс істей бастады. Қалған балалар әлі кішкентай: 7 жаста, 6 жаста, 3 жаста және  6 айлық.  Кішкентай балалардың машахаты кішкентай, үлкендердің машахаты үлкен дейді ғой. Ең маңыздысы, балалар өмірде өз орындарын тауып, адам болса екен дейміз. Енді бәрі де менен тәуелді болмайтыны да түсінікті. Десе де, уақытылы кеңес беріп, көмектесу – бұл менің міндетім.

- Балалармен ортақ тіл табысуға не көмектеседі? Олар есейген сайын, бір-бірлеріңізді түсіну де қиындай түседі ғой.

- Әрине. Менің рецептім: олармен көбірек тілдесіп, оларды тыңдай білу. Біз де кезінде кесімшіл болдық қой, біздің де ата-аналарымызбен жанжалдасқан кезіміз болды. Үлкендердің махаббат, оқу, жора-жолдас туралы көзқарастары бір бөлек болса, біздің көзқарасымыз басқаша болатын. Әлбетте,  өмірлік тәжірибесі бар бізге қарағанда, балалар әлемге басқаша көзбен қарайды.

- Әке мен бала арасындағы түсінбеушілік сіздер де болып тұра ма?

- Ондай жағдайлар қай кезде де болып тұратыны түсінікті ғой. Мұндайда, ең бастысы, табан тіреп алып, шектен шығып кетпеу керек. Туындаған мәселені бұл жерде де, бизнестегідей, сөзбен жеткізіп шешу керек. Істі талдау барысында, қате өзіңнен кеткен жағдайлар да туындайды.

- Ересек балаларыңыз өздерін таба алды ма?

- Ұл мен қыз жақсы білім алды. Мен оларға ешқашан қысым көрсеткен емеспін.  Басынан-ақ: кітапханашы болғың келе ме – бол. Кәсіпкерлікпен айналысқың келе ме – өз еркің дедім.

- Олар кәсіпкерлікті таңдады ғой?

- Иә. Өздеріне ұнайды.

- Сіздің тәжірибеңіз ықпал етті ме?

- Мүмкін. Ұл балам мектепте де, университетте де бизнеске араласа бастады. Әр жаз сайын, бір ай бойы әр-түрлі сатыдағы: маркетингте де, логистикада да, өндірісте де, қаржы жағында да, сатуда да  жұмыстар атқарды. Жоғары оқу орнында да «сэндвич» деп аталатын тәсіл болды: екі жыл оқу оқып, бір жыл жұмыс істейді де, тағы бір жылын оқып бітіреді. Меніңше, бұл жүйе дұрыс сияқты. Тәжірибе мен теорияны бірге атқару деген сөз. Сонда білімге деген ықпал саналы болады. Ұлым Лондондағы Рединг университетінде оқыды.  Ал соңғы оқу жылында, Барселонадағы үйлесімді университетке көшті. Бастапқыда, мен үзілді-кесілді қарсы болдым, бірақ ол мені иландырды. 7 жылға жақын уақыт  Ұлыбританияда жүріп, және олардың мәдениетін танып, дәріс беру деңгейі төмендеу болса да, басқа мәдениетті, ділдікті  ұғынуға мүмкіндік алу үшін, Барселонаға ауысты. Ол келтірген ең мықты дәлел: енді оған маркетинг, қаржы және басқа да пәндерді оқудың қажеті жоқ екен – кәсіпкерлікті іс жүзінді көрген ол, шын мәнінде не қажет екенін өзі үшін нақтылап алыпты. Қазір  оның Испанияда кіші-гірім компаниясы бар, енді ол өзінің «Raimbek» компаниясынан алған білімі мен  тәжірибесін, өз бизнесінде қолданып жүр.

Алдымыздағы жарты жыл ішінде, біз «көгілдір мұхит» элементі бар ритейл нұсқасын көрсете алатын боламыз деп ойлаймын. 

- Сізде де бизнес-білім бар ма?

- Мен сәулет-құрылыс жоғарғы оқу орнын бітірдім, бірақ, айтарлықтай көп тренингтерден өттім.

- Бизнесті түсінуге көмектесетін ең мықты университет, өмірдің өзі шығар?

- Жоқ, оқу өте маңызды. Десе де, тренингтердің барлығы дерлік пайдалы болды деп айта алмаймын. Өткізілді деген белгі үшін ғана ұйымдастырылғандары да болды. Тренингтердің үштен екісі мен үшін, айтарлықтай жаңалық әкелген жоқ.

- Сізге қай тренингтердің пайдасы тиді?

- Мен үшін «көгілдір мұхит» стратегиясын құрған, Ким мырзаның тренигтерін тыңдау  өте қызықты болды. Мен оның тренингтерінен өтіп, қазір сол кісіден алған білімімді қолданып жүрмін.

- Ол кісі Алматыға келіп пе еді?

- Бұл Венада болды. Кітабын оқу бір бөлек, мен оның кітабын да оқыдым әрине. Ал өзімен қарым-қарым қатынаста болып, оның біліктілігін біртіндеп талдау, бұл мүлде басқа нәрсе.  Бизнес-тәжірибең болған соң, кітапта жазылғанның бәрін түсініп тұрғандайсың, бірақ, келтірілген мысалдарды көзбе-көз талдау, қашанда дұрыс әрі қызықты.  Мәселен, классикалық музыканы алайық: 100-ден астам музыканттары бар Лондонның симфониялық оркестрі, залалды. Ал классикалық музыка шоу көрініске айналып, стадиондап көрермендер жинағанда, бұл тіпті басқа мәселе. Бәсекелестері жоқ «көгілдір теңіз» дегеніміз осы.

- Менің түсінуімше, сіздің бизнесіңіздің негізгі мақсаты, шырындарды өндіру үшін, қазақстандық шикізатты қолдану болмақ қой?

- Тек қана шырындар үшін емес. Тағы да қайталаймын – меншікті шикізат базасы – бұл бизнестің тұрақтылығының мәселесі, яғни, жағымдылық пен пайдалы нәрсені қиыстыру деген сөз. Экономикалық қауіпсіздік негізінен қарайтын болсақ, Қазақстанда басқа нұсқалар айтарлықтай көп емес. Солардың бірі – ауыл шаруашылығы. Басқалары да бар – логистика, туризм және т.б. Бұл салалардың әр қайсысының «көгілдір мұхит» құруға мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығында – органикалық өнім өндірісі. Оның үстіне, біз Ресей мен Қытай сияқты адам айтқысыз, екі бірдей, керемет рыноктардың ортасында орналасып отырмыз. Бізде логистикаға ең аз шығын кетеді де, ал есесіне, транзиттік потенциал зор. «Жібек жолы» болған, бар және болады да. Одан артық ештеңе ойлап таба алмайсың. Бұл жолмен тауар және капитал толассыз өтуде, ал біз осы жолдың қақ ортасындамыз.

- Сіз ірі бизнес-жоспарыңызды іске асырудың қай сатысында тұрсыз?

- Бізде әр-түрлі жоспарлар көп, оларды іске асыру сатылары да сан түрлі. Және де, әр қайсысы үшін өз стратегиясы құрылған.  Тағамдық бағыттағылар үшін  - экспортты арттыру, оның ішінде,  Қытайға жіберілетіндерін,  жаңа өнімдер шығарып, жаңа желілерді іске қосу, жаңа өндірістер құру және де, әлбетте – меншікті шикізат базасымен жұмыс істеу. Алғашқы нәтижелері туралы мен жоғарыда айтып өттім. Біз дамытып келе жатқан, әлі де дамытатын импорттық бағыт та бар – мұнда бәрі реттелген. Бүгінде өмір серпіні тіпті де өзгеше екені түсінікті. Электрондық коммерция даму үстінде. Егер де біз ритейл туралы айтатын болсақ, бұл жерде мұндай нәрселерді талдап және де, бұл бизнестің аяқ алысын түзеп отыру керек.  Алдымыздағы жарты жыл ішінде, біз «көгілдір мұхит» элементі бар ритейл нұсқасын көрсете алатын боламыз деп ойлаймын.  

- Стратегияңыз жүзеге табысты асу үшін, сіздің жасаған негізгі жұмыстарыңыз қандай?

- Білесіз бе, мен өз өмірімде, экономиканың әр-түрлі салаларында жұмыс істедім. Энергетика, мұнай-газ секторы, металл өңдеу жұмыстарынан тәжірибем бар. Бүгінде бизнестің негізгі бағыттарының бірі – тамақ өнеркәсібі. Біз қашанда қолымыздан жақсы келетін іспен айналысамыз және ол үшін қолайлы орта да бар.  Бізде тиімді бизнес-үлгі құрылған. Соның арқасында бізде тәуелсіздік бар әрі теңгерімділік сақталып отыр. Ал тамақ өндірісі мен импортқа келетін болсақ, бізде өндіріс үлгісі, дистрибуция және сату дұрыс құрылған. Енді біз бұл бизнес-машинаны одан әрі жетілдіріп, соның арқасында басқа жобаларды өсіріп отырмыз. Негіз қаланды.

- Менің айтып отырғаным, нақты нәрселер. Мысалы, мынша бау-бақшалар бар немесе мынадай мөлшерде ұқсатылған өнімдер бар деген сияқты. Яғни, сіз стратегияңызды іске асыру үшін сүйеніп отырған негізгі нәрселер демекпін.

- Мен басында айтып кеткендей: небір істі атқару үшін пісіп-жетілгенің аз, мұнда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай болып, сенің айналаңдағы ортаның да пісіп-жетілгені аса мағызды. Өкінішке орай, біздің елімізде, мәселен шырындарды өндіру үшін, толыққанды шикізат базасын құру керек, ал оған бірнеше жыл қажет. Біздің өз бақтарымызды, олардың үлгілерін, оларды қаржыландыруды алғашқы болып  шығарғанымыз маңызды. Мәселен, біз өзіміздің алма бақтарын,  мемлекеттік даму институттары үшін мысал ретінде қайтарылма лизинг қағидасы бойынша жасадық. Ал оны іске асыру енді ғана басталғаны, бұл басқа мәселе.  Сырттан Марғұлан Сейсембаева, Дінмұхамед Ыдырысовтар келіп, басқа да бастамалардың пайда болғаны жақсы болды.

- Дінмұхамед Ыдырысов басшылық етіп отырған «Ордабасы» корпорациясы да ауыл шаруашылығына кірісіп кеткен бе?

- Иә, ол Панфилов ауданында мың гектарға жақын жерге бау-бақша отырғызды. Айтарлықтай инвестициялар жасады. Нағыз азамат.  Қазірде ауыл шаруашылығына инвестиция жасауға көптеген кәсіпкерлер дайын. 2-3- жылдан соң, шырындар өндіруге қажетті мөлшердегі шикізат болатынына мен сенімдімін.  Қысқасы, біз пионерлер ретінде жол ашып, алға басып едік, сектор да жандана бастады.  Мемлекет бес жылдан соң болса да, шешім қабылдап, енді ферма иелерінен кепіл талап етпейтін қаржыландыру үлгісін қолдана бастады.

Ең бастысы – өз пікіріңді ұстана отырып өмір сүру. Ондай болмаған жағдайда, «А» нүктесінен «Б» нүктесіне дейін жете алмайсың.

- Ал қоғамдық бағытта, менің білуімше, сіз жастарды салауатты өмір салтына баулу үшін, спорттық инфрақұрылым құрмақсыз. Аталмыш идеяны іске асыру үшін бұл жерде қандай жұмыстар атқарылды?

- Мен басында айтып кеткендей, қандай істі алсаң да, барлығын жүйеге келтірмей болмайды. Мысалы біз, Алматы қаласындағы велоспортты дамытудың бағдарламасын жаздық.  Спортты нақтылы бір аймақта көтеру керек қой, содан біз, жаппай спортты, кәсіби спортты қалай дамыту керектігін көрсеттік.  Ол үшін жеке-мемлекеттік және клуб тәсілдері қағидаларын қалай қолдануға болады. Сонда ғана мемлекеттік те, жеке де ресурстар іске қосылып, бәсекелі орта пайда болады. Мұның барлығын әуесқой, кәсіби ивенттермен қалай қолдап отыруға болады т.б.  Бұл жерде KPI түсінікті – егер де бүгін 1 000 адам шұғылданса, онда тиісті инфрақұрылым құрғаннан соң, спортпен 10 000 немесе 100 000 адам айналыса бастайды. Бағдарламада бұқараның, балалар мен жасөспірімдердің және кәсіби спорттағылардың көзқарастары бойынша, қандай материалдық-техникалық база керектігі туралы түсініктеме беріледі. Бұл кешенді сауал, оны түсіну үшін, тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеу керек. Біз бұл бағдарламаны жазған кезде, кеңес мектептерінің білімдерін, 25 жылдық тәуелсіздігімізді және ең табысты халықаралық тәжірибелерді ескердік. Мен өз басым Еуропа, АҚШ және Азияны шарлап, біздегі шындықты ескеретін тәсілді, командамен бірге таңдадық. Өйткені, шет елден келіп, ал, енді солардың көшірмесімен жұмыс істейік деген дұрыс емес. Қалыптасып қалған ділі бар, оны біртіндеп, бірақ, айтарлықтай серпінді өзгерту керек.

- Бағдарлама іске асырылу үстінде ме?

- Біртіндеп іске асырып жатырмыз.  Бұл жаңа іс, сондықтан оған уақыт керек.

- Жеке-мемлекеттік серіктестік болып жатыр ма?

- Әрине, болып жатыр. Бәрі бірден бола қалды деп айта алмаймын әрине, әр-түрлі мекемелермен жобаны құптауды талап ететін мәселелер бар, енді бұл жұмысқа байланысты ғой, біз оған дайынбыз. Біз дұрыс бағытта келе жатқанымызға мен кәміл сенімдімін, және де біздің қолымыздан барлығы келетінін білемін. Тек спортты дамытуда ғана емес, басқа да әлеуметтік жобаларда да. Жастар – біздің тағы бір әлеуметтік басымдығымыз. Мен AlmaU университетінің қамқоршылық кеңесіне кіремін, екі жылдан бері біз студенттердің Enactus Kazakhstan деп аталатын кәсіпкерлік қозғалысын қолдап жүрміз, және де соның аясында «Қазақстанды қалай тамақтандырамыз» деген байқауды ұйымдастырдық.  Алғашқы нәтижелер қатты қуантты, әсіресе, өздерінің жасампаздық күш-қуатымен аймақтағылар риза қылды. Мұндай дарынды балалармен қазақстандық бизнестің болашағы жарқын болмақ. 

- Осы жеке, кәсіпкерлік, қоғамдық мақсаттарыңыздың жиынтығында біртұтастық бар ма? Оларды өзара байланыстыратын не бар?

- Менің ұстанымдарым. Өйткені, мен мұның барлығын біреудің тапсырмасымен жасап жатқан жоқпын ғой. Ең бастысы – өз пікіріңді ұстана отырып өмір сүру. Ондай болмаған жағдайда, «А» нүктесінен «Б» нүктесіне дейін жете алмайсың.

-Мүмкін қорытындысында бір міндет, сол міндет үшін жаралған шығарсыз?

- Қанша дегенмен ол ұстанымдар.  Үйден шыға салып, спорттың түр-түрімен айналысу үшін жабдықталған саябақта жүгіргім келеді. Баламды спорт секциясына бергім келеді. Біздің мақтан тұтатын тауларымызда инфрақұрылым дамыса екен деймін. Мұның барлығы да сапалы өмір туралы әңгіме. Мен қазақстандықтар мен елімізге келген қонақтардың өмірлерінің сапасын арттыру үшін, қолымнан келгеннің барлығын жасағым келеді. Мұны менің мндетім деп санасаңыз да болады. Біз Қазақстан үшін не істесек деп ауызбен айтып қана қоймаймыз. Жоқ, біз бағдарлама жазып жатырмыз, мемлекет тарапынан да, жеке бизнес жағынан да қаржы көздері мен жүзеге асыру құралдарын көрсетудеміз. Бұл жағдайда қандай қиындықтар күтіп тұрғанын түсінеміз, сондықтан заңнамаларды өзгертуге тырысып жатырмыз. Мен, өмір бақи мемлекетпен жұмыс істеп жүрген, тәжірибесі бар адам ретінде, тіпті велосипед жолдарын жайластыру жұмыстары тек жалғыз әкімшілікке ғана байланысты емес екенін де жақсы білемін.  Ауыл шаруашылық министрлігі де бар, ұлттық саябақтар соларға қарайды. Шешім қабылдау басқа да көптеген қызметтерге де байланысты. Болмаса, хайуанаттар бағы – ол жерде ешқандай да бизне жоқ қой. Қалада тек қана шулы аттракциондар мен электронды ойын-сауықтар ғана емес, қайта балалардың дамуын теңдестіретін басқа әлем болса екен деймін. Және тек балалардың ғана емес!  Бізді таң қалдырған бір жәйт, хайуанаттар бағына тек қана балалар емес, жастар мен ересек адамдар да барады екен. Ал мен оның әлемдік ең танымал стандарттарға сай болғанын шын ниетіммен қалаймын. Ол жерде шын мәнінде жануарлардың мекендеу ортасы , олардың күтімі дұрыс болса екен деймін.  Немесе кәсіпкер- студенттер. Біз оларға бизнесті қалай дұрыс жүргізу керектігін үйретеміз,  олар болашақта, біздің барлығымыз үшін жаңа, сапалы өмір сыйлайтын, тиімді, қазақстандық инновациялық экономика құратын болады.    

Екпінді қорлану, тез даму, оның ішінде, құндылықтарға деген немқұрайлы көзқарас кезеңі, тез өте шығады деп санаймын.

- Адамдар өз армандары туралы айтқанда, олар өздерінің кезінде қол жеткізе алмаған мақсаттарын іздегендей, балалық шақтарына жиі оралады.

- Мен бала кезімде аңсағандарымның барлығын дерлік, өз балаларымның бойынан көргім келіп жүр деп айта алмаймын (күледі).

- Балаларыңыздан емес дейсіз ғой…

- Әдетте өзі солай болады ғой: ата-аналар балаларын, кезінде өздері армандаған іске бағыттайды.

- Ал қазір сіз бұрыннан аңсаған істеріңізді жүзеге асырып жатқаныңызды сезіп жүрсіз бе? Адам бала кезіндегі қалауына қол жеткізу үшін, өмірде табыстарға қалай жеткенін өзі де сезбей қалатын кездер болады ғой. Мүмкін, сіз бала кезіңізде велоспортпен кәсіби шұғылданғыңыз келген шығар.

- Айтпақшы, иә. Мен әлі күнге дейін сақталған, Шевченко мен Интернациональная (қазір Мәуленов – ред.) көшелерінің қиылысындағы үйде тұрғанмын. Біздің терезелеріміз «Динамо» стадионына қарайтын. Ал қонақ бөлмеде, кезінде әкем сатып әперген веложаттығу құрылғысы тұратын. Дөңгелегі бар темірден жасалған веложаттығу құрылғысы, жылдамдығы сағатына  120  километрге ғана жететін. Қысқасы, көрініс мынадай еді – қонақ бөлме, бөлмеде веложаттығу құрылғысы тұр, терезелер велошабандоздар жаттығуға Шевченко көшесіне шығатын,  «Динамо» жаққа қарайды. Мені омыртқаларым орнынан қозғалып кеткен деп су астында жүзу спортынан шығарып жібергеннен соң, сол веложаттығу құрылғысына отырдым. Кітап оқысам да, сабаққа дайындалсам да, теледидар қарасам да, соның үстінде отырып, тепкісін айналдырып отыратынмын. Қысқасы, қосымша жаттығулар жасайтынмын. Содан менде велоспортпен шұғылдансам деген арман туындады. Мен тіпті «Динамо» стадионына барып, спорт базасы мен жаттықтырушылар бөлмесі орналасқан үйшікке де бас сұқтым. Қарасам, бір ер адам отыр екен, әлі күнге дейін есімнен кетпейді, мұрты бар, мастау да болып көрінді.  «Велосипедің бар ма?», - деп сұрады ол. «Велосипед жоқ», - деп жауап бердім.  «Ондай болса, жоғалт көзіңді», - деп бір-ақ қақты. Шын мәнінде, егер соншалықты қажет болса, ата-анам велосипед сатып әперер еді, ондай мүмкіндіктері де бар болатын, бірақ жаңағындай кездесу, менің шабытымды су сепкендей басты. Енді міне, қазір есесін қайырып жүрмін! 

- Спортта жетістіктерге жетуге мүмкіндік болмады деңіз…

- Жалпы жеттім ғой: мен су астында жүзуде, Кеңестер Одағы бойынша екінші орында болдым, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионымын, еліміздің ересектер мен жастар арасындағы құрама командасынан суға жүздім. Мен жәй ғана велоспортқа ауысайыншы деп ойлаған едім, ал маған «тайып тұр!» деп бір-ақ қақты.

- Бала кезде нені қалап едіңіз, сол қалауыңыздың жүзеге асқандары бар ма? Және де, әлі болашақта атқаратын не қалды?

- Мен балалық шағымды көбінесе қала сыртындағы саяжайда өткіздім.

- Бақтардың қайдан пайда болғаны енді түсінікті!

- Иә, бізде бақ болған, қызанақтар, картоп… Мен асфальтта өскен қаланың баласы болсам да, ауыл шаруашылығына келгенде – бұл жерде әкеме үлкен алғыс айтқым келеді. Қаласам да, қаламасам да, үш жастан бастап, менің өмірім саяжайда, жүйектерде өтті.  Бұл менің жауапкершілігім болатын. Бір бақты әкем отырғызды, екіншісін – әкем екеуміз бірігіп отырғыздық. Мен арам шөптерін жұлып, суарып, кесіп – барлығын өзім істейтінмін. Аулада доп ойнап немесе балалармен  бір жаққа барғың келе ме – ол маңызды емес! Саяжайға барып, суарып, арам шөптерін жұлып, кесетіндерін кесіп, жинайтындарын жинайтынбыз. Әр сенбі немесе жексенбі сайын, ал кейде тіпті жұмыс күндері кешкілік болсын – жүйелі түрде сонда баратынбыз.

- Бақпен айналысудың кесірінен сауық-сайран өмірден құр қалсаңыз да, бетіңіз қайтпай, есейгенде  де сол бақтармен айналысқаныңыз қызық екен.

- Керісінше. Бұл велоспорттағыдай – мен веложаттығу құрылғысымен шұғылданып, жаттығудың негізіне қол жеткіздім. Сол менің спортқа деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Немесе суда жүзу – күніне екі мәрте жаттығу жасау. Қиын болды, бірақ есесіне, міне, өзіңіз көріп отырғандай спорттық инфрақұрылымды дамытумен айналысып жүрмін. Саяжай да сондай – бастапқыда, үш жасымда, жерді қазу маған ұнайтын. Өсе келе, ауладағы ойындар, достар, футбол және басқа қызықтар пайда болғанда, барлығы доп ойнауға жиналғанда, әрине, саяжайға жұмыс істеуге бару мен үшін бір ақырет болатын.  Бірақ, десе де, мұның барлығы, менің жадымда сақталып қалды. Ештеңе де із-түссіз ғайып болмайды. Бірде, бауырым екеумізді, музыка мектебіне орнықтыруға алып барды, біз анамыздың мұғаліммен сөйлесіп тұрғанын пайдаланып, қашып кеткен болатынбыз. Одан соң, ата-анамыз музыкамен шұғылданасыңдар деп ерікімізге қарсы болған жоқ.  Әрине, басқа жанұядағылар сияқты мәжбүр етуге де болар еді, бірақ олай істеген жоқ.  Қысқасы, ешбір аспапта ойнай алмаймын (күледі). Ал саяжайда жұмыс істеуге мәжбүр етті, спортпен шұғылдандым – енді міне, ересек болғанда да, сол істер өз жалғасын табуда.

- Райымбек, сіз жеке өміріңізде де, кәсіби өміріңізде де қағидаларды негіз етіп әрекет жасайтыныңыз туралы айтқан болатынсыз. Бұл қағидалардың негізі қашан қаланып еді және оны бойыңызға бекітуге не себеп болды?

- Ең алдымен, қағидалар ата-ана берген тәрбие арқылы қаланады. Ас бөлмеде отырғанда қандай әңгімелер айтылады, белгілі жағдайларда олар өздерін қалай ұстайды, қойған сұрақтарыңа қалай жауап береді: қанша дегенмен, ата-анадан көрген үлгі көп әсер қалдырады. Балалар барлығын байқап, рольдік үлгілерді қабылдайды. Бұл өте маңызды, сол себепті баланың көзінше не айтып жатқаныңды нақты сезіне білу керек. Менің әкем, ҚазССР Жоғары кеңесінің іс басқарушысы болып қызмет істеді, анам облыс пен қала бойынша барлық кітап саудасын басқарды. Соған қарамастан, олар өздерінің қызметтерімен дандайсыған емес, сауда мен мемлекеттік аппараттағы мүмкіндіктерін де пайдаланып, қиянат етпеген жандар.

- Иә, дүниетаным ата – анадан беріледі, бірақ, қанша дегенмен, сіздің өміріңізде, соны дәлелдейтін немесе құндылықтар мен қағидаларды дәлдейтін  өзгерісті кезең де болған шығар…

- Мұндай сәттер кей кездері болып тұрады. Менің ойымша, өмірде ондай кезеңдер болып тұратын сияқты. Жастық шақта әсіресе жиі болады. Спортта да көп. Сен қаншалықты шаршасаң да, КСРО чемпионатына дайындалуың керек, амал жоқ, өзіңді басасың. «Істегім келмейді», «шаршадым» деген сезімдерді жеңесің. Көшеден көп нәрсе үйрендік, ол кездері Алматы аудан аудан болып бөлінетін. Біздің аудан «драмалық» аудан деп аталатын (драмтеатр маңы – ред.), және біз бар болғаны 10 – ақ адам болсақ та, олар  25 немесе 30 болып келетін. Әрине, қашып кетуіңе де болар еді, бірақ, қалып, мәселені шешуге де болады. Студенттік кезде де неше түрлі жағдайлар болды. Одан соң бизнес, күрделі  90-шы жылдардың бас кезі де бастан өтті. Егер де сол кезде барлығының қолынан іс келген болса, қазір біз он есе артық компаниялардың қызметін көретін едік.  Бірақ, біреулерді рэкет құртты, екіншілерін жүйе жоқ қылып жіберді, үшіншілері жауапкершілік сынағынан өте алмай, өздері жоғалды. Ал қазір бизнесте жүргеніме 25 жыл болса да, алты баланың әкесі болсам да, өмір сынақтың түр-түрін әлі де жіберіп отырады. Яғни, рухани күшің әр кез сынақтардан өтуге мәжбүр деген сөз. 10-15-20 жыл өткен соң да, өмірдің неше түрлі жағдайларына бағыштайтын кездер әлі де боларына сенімдімін. Тағдырың өз қолыңда демекші: оң жаққа барасың ба, сол жаққа бет аласың ба, жоқ әлде тік жүресің бе – нәтижесі де әр түрлі болары анық.  Уақыт өте, өмір өзі шынықтырады, кейін қандай да болмасын жағдаймен күресу оңай болады. Мінезге де көп байланысты, өз балаларымның қаншалықты бір-біріне ұқсамайтындығын көріп айтып отырмын. Беруі дем арасында ұғып алса, екіншісі көпке дейін түсіне алмайды, бірақ, еңбекқорлығымен дегеніне қол жеткізеді. Яғни, біріншіден – бұл генетика. Екіншіден, мен айтып өткендей, ата-ананың тәрбиесі. Үшіншіден – әлеумет, бұл сенің өсіп келе жатқан ортаң. Бұл жерде де сәтіне байланысты: 50/50 қағидасы бар. Көшеде жүріп, жамандарға серік болсаң, құрыдым дей бер. Ал басқа жағынан қарайтын болсақ, ересектер аудандағы серіктесушілікті жаман, бұзақылар дейтін. Сол бұзақылардың жартысы, есірткіден көз жұмды, түрмеде отырып шықты. Қалған жартысы бизнесмен болды. Солардың бірі, менің досым, бүгінде марқұм болған, Нұрлан Қаппаров. Ол да өмірінің бір кезеңінде, біз өзара «драмалық» деп атайтын бандада болған. Бірақ, соған қарамастан адам болды ғой, үлкен жетістіктерге жетті. Ал жігіттердің тағы бір бөлігі өмірден өз орындарын таба алмай, ақыры  жаман болды.  Бұл жерде, ата-анаңның сенің бойыңа дарытқан негіздері-спорт болсын, немесе басқа сала болсын, соған байланысты шығар. Бірақ, әлеуметтің көп ықпал ететіні сөзсіз. Егер айналамыз сыбайлас жемқорлыққа толса, жастар да соған тез бойынсынып алады. Былай қарасаң, шет елде оқып, білім алған адамдар – ал істеріне қарасаң, олар тіпті мемлекеттік органдарда, сыбайлас жемқорлықты таратуда алдарына жан салмайтын болып шығады. Өйткені, жанұяларындағы құндылықтар басқа болуы мүмкін, немесе тіпті ешқашан болмаған да шығар, содан айналасының барлығы теріс жүйемен жұмыс істейтін болады. Сол кезде, сен  өркениетті, адал елде білім алып, бірнеше жыл бойы сонда тұрғаның маңызды болмай қалады.  Біз дұрыс құндылықтарға толы, дұрыс қоғамда өмір сүргенімізді қалаймын. Бүгінде адамдар бақ өсіріп, бірдеңелер отырғызуға тырысып жатыр, бұл өте жақсы. Салауатты өмір салтын да әдетке айналдырып келеді. Адамдар пайдалы іспен айналысып, өздерінің дамуын арттыра түсу үшін, инфрақұрылым құру керек. Айналамыз жайлы, адал, отансүйгіш және дұрыс адамдарға толы болғанын қалаймын.

- Сіз жақсарып келе жатқанын көріп жүрсіз бе?

- Иә, әрине көріп жүрмін. Біздің қоғам шын мәнінде білімді. Екпінді қорлану, тез даму, оның ішінде, құндылықтарға деген немқұрайлы көзқарас кезеңі, тез өте шығады деп санаймын. Бүгінде көбі әлеуметтік жауапты болып жатыр. Менің көптеген достарым қайырымдылық жобалармен айналысып жүр. Өздерін жарнамаламай, істерін атқарып жатыр. Мұндай нәрсе тек жетілген ададмның ғана қолынан келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Олег Хе

Другие новости