Пресс-центр

12/05/2017
almaty-akshamy.kz
ENACTUS KAZAKHSTAN NATІONAL EXPO-2017 СТУДЕНТТІК КӘСІПКЕРЛІК, СТАРТАП ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ КУБОГЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

ENACTUS KAZAKHSTAN NATІONAL EXPO-2017 СТУДЕНТТІК КӘСІПКЕРЛІК, СТАРТАП ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ КУБОГЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Студенттер мен бизнес көшбасшыларын біріктіре отырып, кәсіпкерлікті дамытуға, ерекше идеяларды енгізуге, жастарды әлеуметтік-экономикалық өмірге бейімдеуге бағытталған студенттік кәсіпкерліктің ұлттық сайысы өз мәресіне жетті.

Enactus Kazakhstan Natіonal Expo-2017 студенттік кәсіпкерлік, стартап және инновациялардың Ұлттық кубогын Семейдің Қазақ инновациялық гумани­тарлық заң университетінің студенттері жеңіп алды. Енді олар қыркүйек айының 26 – 28-і күндері Лондонда өтетін Enactus-тың әлемдік кубогында Қазақстанның намысын қорғайды.

Байқау кезінде команда 5 жоба ұсынды. Соның бірі – тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарды жұмысқа орналастыру.

Статистика бойынша, Семейде 8 мың адамның тұрғылықты мекен-жайы жоқ, бұл дегеніңіз осы қала тұрғындарының 2 пайызы. Бұл адамдардың өмірінде мән жоқ десе де болады. Біздің команда 2016 жылы осы категориядағы адамдарды жұмысқа орналас­тыру бойынша жобамызды бастап кеттік. Алдымен бір фермерлік шаруашылықпен келісімге отырып, олар үйсіз жүрген бір адамды жұмысқа алды. Жо­бамыз алға жүре бастағанда біз Шығыс Қазақ­стандағы барлық фермерлік шаруашылықпен әріптестік байланыс орнаттық. Бірінші жоба сәтті жүзеге асқан соң 21 шаруашылық бізбен жұмыс істеуге дайын, – деді жеңімпаз команданың студенттерінің бірі.

Ал екінші орынды Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің командасы иеленді. Олар байқау кезінде 3 жоба ұсынды. Соның бірі – білекке дейінгі протез. Құны 5 мың доллар деп баға­ланған протезді  студенттер 15 жасар семейлік оқу­шыға тегін салып берген. Мұндай протездің бала­масы шет елде – 30 мың доллар дейді студенттер.

Үшінші орынға А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері лайық деп танылды. Олар пластикалық бутылкалардан сыпырғыш және тротуарлық плитка өндіруде. Осы жобасы арқылы бұл команда да өңірдегі жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастырған.

Ұлттық кубок жолындағы бәсеке кезінде Raіmbek компаниясы «Қазақстанды қалай тамақ­тандырамыз-2» арнайы байқауын өткізді. Байқауға тігілген 1,5 млн. теңгені М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері иннова­циялық жылыжай жобасымен жеңіп алды. Ал екінші орын женттен печенье жасаған Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттеріне бұйырды.

Біз бүгін «Май-жент» брендін ұсындық. Яғни, жаңа женттен жасалған печеньелер. Біз жерде жартылай фабрикат түрін ойлап таптық. Біз женттің дәстүрлі жасалу техникасын өзгертіп, талқан, сұлы ұны, зығыр майын және бал қосып жаңа жартылай фабрикат түрін ойлап шығардық. Яғни,  женттен печенье, коктейль және балмұздақ жасай аламыз. Бұл жент түрі әлеуметтік зерттеулер кезінде 88 пайыз қарағандылықтың көңілінен шықты, – дейді 2 орын иеленген команда студентінің бірі.

Елімізде Enactus жобасының пайда болғанына биыл – 20 жыл. Бүгінде Enactus Kazakhstan бойынша қамтылған студенттер саны 2485 адамға жеткен. Биылғы Enactus Kazakhstan Natіonal Expo-2017 байқауына 50 жоғары оқу орындарының командасы қатысып, жүзеге асқан 90-нан аса бизнес жобалары ұсынылды.

Қазіргі кезде дүние жүзінің бизнес өкілдері Enactus-тың серіктестері болып табылады. Бұл модель әлем бойынша жемісті еңбек етуде. Яғни, қазіргі кезде әлемде 70 000-нан астам студенттер Enactus бойынша жұмыс істеп, әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге өз үлестерін қосуда.

 

Другие новости