Ерлан Шынтөринов

Raimbek компаниясы FMCG-дивизионының негізін қалағандардың бірі
Ерлан Шынтөринов

"RAIMBEKТІҢ АДАМДАРЫ

Компанияның 25 жылдығына арналған Raimbek қызметкерлері берген сұхбаттар  топтамасы.

 «БІЗ НАРЫҚТЫ ҚҰРДЫҚ»

Ерлан Шынтөринов - Raimbek компаниясы FMCG-дивизионының негізін қалағандардың бірі, осыдан артық ештеңе айтпаса да болады. Компанияда жиырма жыл бойы жоғары қызметтер атқарып, Ерлан мемлекеттік секторға кетіп, бүгінде Алматы облысындағы ауыл шаруашылықты дамытумен айналысуда.

- Ерлан, сіз Raimbekке қалай келдіңіз

- Мен 1993 жылы келдім. Мені "желіктірген"  -  Райымбек Баталов екеуміздің курстасымыз Талғат Өмірбаев. Біз бір-бірімізді 1987-ші жылдан бері танимыз, институттың бірінші курсында оқып жүргенде, Қоғалы ауылында бірге картоп жинағанбыз, сондықтан келіссөз ұзаққа созылған жоқ. Кездесу Панфилов пен Киров көшелерінің қиылысындағы  "Стекляшка" дәмханасында өтті. Біз үшеуміз кездесіп, шай ішіп, былайша айтқанда, қол алысып тарастық.

Сіздің алғашқы қызметіңіз қалай аталып еді?

- Менің алғашқы қызметім «ШЖК «Райымбек»-тің маркетинг бойынша директоры» болатын. Сол кездің өзінде, жұмыс енді ғана басталғанына қарамастан, компанияның айналымы жаман емес еді. Ол кезде бизнеспен айналыса бастағандардың барлығы дерлік алғаш жол салушылар болатын, тіпті тыңгерлер десе де болады. Өндіріс жоқ, жұрт жаппай «сату мен сатып алу» сияқты іспен айналысатын. Біз электр тауарлары мен жиһазды импорттаудан бастадық. Бірақ оның барлығы маған дейін қалыптасқан болатын, мен дайын бизнеске келдім.

Әрине, енді дамып келе жатқан кез келген бизнеске, әсіресе, саудаға, «ғылыми» маркетинг қажет болды. Котлерді барлығы да оқыған еді ғой... Десе де, маркетинг деген не, оны қалай қолданады? – деген түсінбеушіліктер болды. Сосын да болар, құрылысшы-инженерден керемет маркетолог шығатынына олар сенімді болған көрінеді. Бір қызығы, қателеспепті! Өйткені, мен инженер болсам да, жасампаз адам екенімді жасырмаймын (күледі). Біз барлығымыз да құрылысшы-инженерміз, барлығын бірігіп бастадық. Одан кейін, бізге Сергей Полухин келіп қосылды. Содан, ұйытқыға айналған команда құрылды.

Картоп жинаған оқиғаны айтып беріңізші.

- Ол енді, 1 қыркүйек, 1987-ші жыл, баяғы "сельхозка" болатын. Біз сәулет-құрылыс институты,  АСҚИ-на түсу үшін емтихан тапсырдық та, бір топ жастар, естен кетпес Қорғалы ауылына картоп жинауға аттандық (күледі). Сол жерде бір-бірімізбен таныстық, бәріміз де жас болатынбыз. Райымбек Баталов сол кездің өзінде «қалыптасқан бизнесмен» еді. Оның бойында кәсіпкерлік қылықтар мен нышандары қалыптасқан, бірақ, ең бастысы, ол өте жақсы, жағымды адам болатын. Біз онымен әп-сәтте достасып кеттік. Бұл білесіз бе, сондай бір студенттік қызулық болатын, сол кездесу әлі есімнен кетпейді. Шын мәнінде, өте жақсы уақыт болатын. Өте қызықты.

- Бастапқыда ең қиын болғаны не?

- 1993-ші жыл несімен өзекті болып еді? Әрине, күйзеліс еді ғой. Елімізде қайта құру жүріп жатты. Одан екі жыл өткен соң, біз жекешелендіру процессімен белсенді айналыса бастадық. Жекешелендіру тәжірибесі, одан ары қарай кеңейуімізге жақсы мүмкіндіктер берді.  Raimbek тобы ірі өнеркәсіптерді басқарып, бізде қанттың активтері болды. Райымбек Баталовтың өзі де, энергия компаниясы, металлургия зауыты, басқа да комбинаттарды басқаруға қатысты. Бұл посткеңестік кеңістікте алғашқы болып шет елдік инвесторларды тартуымызға әкелді.

Дәл сол кезде "PepsiCo International" компаниясы ол уақытта айтарлықтай көп ашылған жекеше компаниялардан, жергілікті серіктес іздеу үстінде болатын, содан олар бізді таңдады.

Келіссөз үдерісі ұзақ болды, біз Штаттарға, Мәскеуге ұшып бардық, тілдестік, серіктестіктің жағдайларын қалыптастырдық. Ақыр аяғында, өнеркәсіп құру туралы келісім жасап, PepsiCo сусындарын дистрибуциялау бойынша жұмысты бастадық. Кейін біз бұл жобадан шығып, 1998- ші жылы тағы да посткеңестік кеңістікте алғашқы болып, шырын өндіретін зауытты іске қостық.

Ол кезең үшін, бұл нағыз серпіліс еді, себебі ол кезде барлығы импорт болатын, ал шырындар экзотикалық тауар санатына жататын. Адамдар қазақстандық жеміс сүрлеу комбинатынан шыққан шырындарды алғаш рет көргенде, сендер апельсиндерді қайдан тауып жатырсыңдар? Ол бізде өспейді ғой! - деген сиқты сауалдар қоятын. Ал біз: апельсиндер Прибалтикада да өспейді, бірақ апельсин шырынын сол жақтан әкеліп жатыр ғой, деп жуап беретінбіз.  

Осылайша, біз шырындарды тетрақаптамаларға ТМД елдері арасында бірінші болып құя бастадық. Одан соң, сүтке байланысты жоба да басталды. Бүгінде Raimbek– әр-түрлі салалар бойынша, оның ішінде ритейлде де операциялар жүргізетін,  ірі сауда-өндірістік холдингі. Менің ойымша, компанияның серпіні жаман емес, болашағы да жарқын әрі айқын.

- Сіздің ойыңызша, Raimbek компаниясының табыс сыры неде?

- Табыс сыры... Меніңше, бұл тәуекелге бел байлай алу және компанияның негізін құрушы Райымбек Баталовтың кәсіпқойлық дарыны. Бұл оның адами қасиеттері, оның сезгіштігі, кадрларды таңдай білуі. Баталовтың 25 жыл бойы команданың ұйытқысын сақтап қалуының өзі, оның мінезіндегі негізгі қасиет,  адамгершілік құндылықтары басым екенін анық дәлелдейді. Сосын, әлбетте, тәжірибесі, білімі, ойлай білуі, ойлап істеуді қалауы, күллім командаға тән -  сол, креатив. Осылардың барлығы да, компанияның қарқынды дамуына мүмкіндік береді.

Сіз компания үшін шешуші  болды деп ойлайтын сәттер бар ма?

- Біздің PepsiCo-мен бастаған серіктестігіміз. Шырын өндіретін зауытты іске қосуымыз. Бұл сол кез үшін шын мәнінде серпінді инновациялық нәрселер болды. Нарық мүлде болған жоқ! Нарықты біз өзіміз құрдық. Сауда белгілерін, біз міне, мынау еңбекқор (көрсетеді )қолдарымызбен жарыққа шығардық. Тиісінше, сәтті болып, барлығы да жұмыс істеп жатыр, менің ойымша, бұл әлі бастамасы ғана.

- 25 жылдан кейін компания қандай болады?

- 25 жылдан кейін бе? Компания ширақ, инновациялы болады, жақсы, жас  кадрлары болады, аздап есейе түседі, деп ойлаймын (күледі). Экономикамыз дамып келеді, Raimbek тек Қазасқтанда ғана емес, Ресейде де бар, өнімдерін ТМД, алыс шетелдерге де экспорттап жатыр. Құдай бұйыртса – Қытай да жанымызда. Сол себепті, ең бастысы, команданың болашаққа деген талпынысы мен жасампаздығы өшпей, ерінбей, жаңашылдықты тудыра білетіндей жүріс-тұрысы бола берсін.

- Осы жылдар ішінде сіз үшін қиын болған не?

- Дамуымызды басқару, менменшілдікті басқара білу. Себебі, өкінішке орай, біздің он жеті миллиондық нарығымыз, менменшілдігіміз қалайтындай деңгейде өріс алуымызға мүмкіндік бермейді. Мысал ретінде келтіре кетейін, өз жұмысын бізбен қатар бастап, біз істеп жатқан қызметті атқарып жүрген  «Вимм-Биль-Данн» компаниясы, миллиардтаған айналымға қол жеткізді.

Біздің тұтынушылық нарықта мұндай айналымға қол жеткізу қиын болары түсінікті, сол себепті, Raimbek өз қызметінде әр-түрлі бағыттарға қорықпай секіріп жүр, бұл да дамуымызға, команданың сапасына байланысты белгілі бір қиындықтар тудыра. Бұл компания үшін негізгі сын-тегеурін деп есептеймін. Бірақ біз оны азды көпті еңсердік, тиісінше, болашақта ең бастысы, бизнесті басқару бойынша сапалы даму болу керек.

Барлығын тастап, сол бұрынғы  25 жылға қайта оралғыңыз келе ме?

- Әй, қиын сұрақ! Шынымды айтсам, қаламаймын! (күледі) Десе де, әрине, ерекше драйв болғаны рас! Ал жалпы, бұл мүмкін емес қой, өткенді ойлаудың не қажеті бар? Өткен шақ жабулы қалсын, алда бізді күтіп тұрған – болашақ. Сондықтан дәл қазір және болашақ үшін өмір сүру керек!

 

Другие истории