Ильнура Оспанова

Raimbek компаниясының қаржылық топ мәселесі бойынша вице-президенті
Ильнура Оспанова

"RAIMBEKТІҢ АДАМДАРЫ

Компанияның 25 жылдығына арналған Raimbek қызметкерлері берген сұхбаттар  топтамасы.

«25 ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ҚЫЗМЕТКРЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫН БІР ДЕ БІР РЕТ КІДІРТКЕН ЕМЕСПІЗ. БҰЛ БІЗ ҰСТАНАТЫН ҚАҒИДА»!

Ильнура Оспанова – Raimbek  компаниясының қаржылық топ мәселесі бойынша вице-президенті. Сонымен бірге, Райымбек Баталовтың туған апайы. Ол кісі осыдан 25 жыл бұрын  жиеніне бизнесін бастауға көмектескен болатын, әлі күнге дейін  компанияның  қаржы тобын бақылап келеді. Жауапкершілік, еңбекқорлық, адамдарға деген қамқорлық осының барлығы Ильнура Оспановаға сай мінездеме. Ал біз үшін, осының барлығымен қоса, ол өте құнды кейіпкер - Raimbek компаниясы бизнесінің қалай басталғанын ол кісіден артық ешкім біле бермес.     

- Ильнура Нигматовна, барлығы неден басталып еді

- Райымбектің (Баталов – ескерту.) ол кезде әлі 22-ге толмаған кезі. Жеке фирмалар енді-енді ашыла бастаған қайта құру кезеңі болатын. Мен  11 шипажай кіретін  республикалық сауықтыратын орындар бірлестігіндегі ірі компанияда жұмыс істейтінмін.  Экономикалық, жоспарлық, есепке алу бөлімдерін басқаратынмын, мойныма алған ауыртпашылық мол еді. Бірде үйіме Райымбек келіп: «Иля, сен білесің бе (ол мені бала кезінен осылай атайтын), мен компания ашып жатырмын, маған бас есепші керек, сенің менімен жұмыс істегеніңді қалап отырмын», деді.

Әрине, аяқ астынан мұндай шешім қабылдау күрделі болды. Мен одан: сен неден бастамақшысың? – деп сұрадым. Ол айтады: «Маған банктен лимон алу керек», дейді. Мен ойлап қоямын, қызық екен, "лимон" дегені не нәрсе? Ол кездері лимонды базардан да таба ала алмайтынсың. Үндемедім...

Кейін, өзім жалғыз қалғанда ойлана бастадым. Мен ірі мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін, қызметім де жақсы, жалақым да жоғары, бірақ мен Райымбекті туғанынан білемін, менің оған деген сүйіспеншілігім шексіз, өйткені ол дүниеге келгенде мен он алты жаста болатынмын, ол туғанда мен талай баққанмын. Міне, осы жағы мені жеңді. Мен  келістім!

- Яғни, сіз компанияда оның дүниеге келген кезінен бері екенсіз ғой...

– Біз 1992-ші жылы бастадық. "Раимбек" КЖӨ-сін тіркеген күніміз менің әпкем, Райымбек Әнуарұлының анасы Элеонора Нығматқызының туған күні 4 ақпанға сай келді. Тіркеу қағаздары қолымызға түскеннен кейін тұрмыстық және кеңсе техникасының жеткізілімімен айналысуға Olivetti компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Сосын, айтпақтай, біз басында мен тілге тиек еткен "лимонды", яғни, миллион рубльді жібердік. Одан кейін франциялық Tefal, Moulinex компанияларымен келісімшарт бекіттік, біз жалға кеңсе алдық, сөйтіп, Райымбектің бизнесі басталып кетті.

- Ол кісіге мұндай мақсатқа талпынушылық, ептілік қайдан келген?

Бұл ата-анасынан дарыған деп ойлаймын. Әкесі, Әнуар Қасымұлы – үкімет адамы, анасы Элеонора Нығматқызы ол кезде кітап бизнесінен тәжірибесі бар адам болатын. Сосын, олардың жанұясында балаларды сыртқы дүниедегі мәселелерден  қорғау сияқты әдеттері жоқ болатын: ата-аналары ұлдарына нені қалай құрастыру керектігін айтып отыратын. Меніңше, егер де отбасындағы  ахуал басқаша болса, онда ұлдарының бинеспен айналысулары екіталай еді.    

Сосын, Райымбек аға буындағы, тәжірибесі мол адамдардың кеңестеріне қашанда құлақ түретін, әлі де құлақ түруде. Әрине, ол өзі де көп оқиды, өз-өзімен жұмыс істейді. Ол келе салысымен, отыра қалып, бизнесі басталып кетті деген сөз емес. Жоқ! Бұл ісіне ол біртіндеп аяқ басты, және әрдайым өз бетінше білім алып, соның арқасында жетті деп ойлаймын... Бүгінгі таңда біздің Райымбек Әнуарұлы қандай екенін көріп отырсыздар ғой (күледі)! Десе де, оны үкіметтің қызметіне талай шақырған, бірақ ол өз фирмасын жақсы көруі соншалықты, одан ешқашан айнымайды.

- Қалай деп ойлайсыз, неліктен нақ Райымбек Баталов табысты болды? Онымен бір уақытта бастағандардың барлығы бірдей бизнесінің 25- жылдығына жете алмады ғой...

- Барлығы да Райымбектің өзінен. Ол өте иманды, адал, тәуір адам. Әдетте адамдар бір кәсіптің басын бастайды, ол табысқа жете бастайды, ақша, түсім пайда болады, сосын олар ақшаны оңға-солға шашады да, өз қажеттіліген жұмсауды шығарады. Ал ол болса, бар тапқан-таянған кірістерін тек бизнеске бағыттап отырады. Біз жиһаз шығаратын Valentino  компаниясымен, одан соң, Henkel косметикасын шығаратын неміс  компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Электроника, кеңсе техникасы дүкендерін аштық, жиһаз дүкенін салдық. Күллім республика көлемінде жұмыс істедік. Айта кетер жәй, сол кезден-ақ ол адамдарға көмектесіп, біраздарына демеушілік еткен. Райымбек қызметте өзімен үндес болатын сенімді адамдарды, ұжымды өзі жинады. 90- шы жылдары бірге бастағандардың басым көпшілігі, әлі күнге дейін компанияда қызмет етіп жүр.

- Raimbek компаниясыбұл жанұялық бизнес…  

- Иә, бүгінгі таңда компанияда жұмыс істеушілердің көбі туыстар. Болашақта да біздің балаларымыз бен немерелеріміз компанияның игілігі үшін қызмет етсе екен дейміз. Жақында менің үлкен немерем 16 жасқа толды, туған күнінде мен одан: «Диас, сен кім болғың келеді? Жалпы, өмірде нені армандайсың?», деп сұрадым. Ең бірінші оның айтқаны "Мен Райымбек көкеме ұқсағым келеді. Өйткені, ол жұмыс істеу біледі, балаларды жақсы көруді және бағалауды біледі, үлкен-кіші деп бөліп - жармай, барлығына тең қарап, ададмарға көп көмектеседі", деді.

- Ал сіздің басты басқарушылық құпияңыз неде?

- Басты... Болашақты болжай отыра жұмыс істеу керек шығар. Бизнестің достық қалыпта болғаны дұрыс, өйткені бұл да бәсекеге қабілеттілік қой.  Бүгінгі таңда өндіріс болсын, саула болсын, біздің бағытта жұмыс жасап жатқан компаниялар көп. Сол себепті, заңды бетке ұстай отыра, салықтық тәртіпті бұзбай, тез қимылдау керек. Ал жалпы – қиын ештеңе жоқ! Түсінесіз бе, біз өзімізден бастау, өз тәртібімізді жөндеу, өз сауаттылығымызға мұқият болу, өз жауапкершілігімізді атқару деген қағидалаларды ұстануға тәрбиеленгенбіз. Біреудің соңынан қайталаудың қажеті жоқ, сен өз бағытыңды, өз стратегияңды құруың керек. Сосын, ең маңыздысы, өз жұмысыңды талдауың керек.   

Мүмкін бұл әдет шығар, мен таңғы бестен оянып аламын да: не дұрыс болды, не бұрыс болды, нені аяқтауым керек, кімге көмектесуім керек, кімнен сұрауым керек деп, жіберген қателіктерімді талдай бастаймын. Мәселен, мен өзімнің тәжірибелі болғаныма қарамастан, жастардан олардың көзқарастары туралы сұрауды әбестік көрмеймін. Егер де олар, мынадай жерде, осындай өзгеріс енгізу керек десе, ол ұсыныстарын дұрыс деп есептесем, міндетті түрде оған ден қойып, өз пікірімді арттырып қоймаймын. Бір адам, бар жұмысты атқара алмайды ғой. Бизнесте де солай. Міндетті түрде командада болу керек.

Ал біздің команда бүгінде ең мықты, әрі сауатты. Тәжірибесі мол, еңбек жолы үлкен адамдар да бар, жастар да көп. Біз шын мәнінде, өндіріс мамандарын шығаратын ұстаханамыз десек те болады: бұрындары бізде  жұмыс істеген қызметкерлер, бүгінде басқа ірі компанияларда өз орындарын тауып отыр. Түйірдемедегі "Raimbek компаниясында жұмыс істеді" деген жазу, нарықта бағаланады. 

Сіздің жұмысыңызда өзіңізге не ұнайды?

- Нәтижелер! Мен жыл соңында нәтижелер шығаратын қаржы бөлімін басқарамын ғой. Жыл бойына жұмыс істеп, теңгерімдерді есептейсің, қаржыны оңтайландырасың, қаржы ағыны тағы бар – осының барлығы жыл соңында қаржылық оң нәтиже үшін.     

Ал ең бастысы – біздің компания ешқашан да жалақыны кешіктірмейтіндігінен ләззат аламын. Мен өзіммен бірге қызмет істейтін адамдарды жанымдай жақсы көремін. Олардың әр қайсысы өз отбасын асырау үшін, балаларын асырау үшін, оқыту үшін жұмыс істейді. Егер жалақыны уақытылы ала алмаса, оның жанұясына да нұқсан келеді ғой. Сол себепті, қызметкерлерге жалақыны уақытыл төлеу – бұл менің қағидам! Менің араласатын айналам кең, кейде олар: міне, біз осы жолы жалақыны 10 күнге, 15 күнге, тіпті бір айға кешіктірдік деп жатады, әсіресе, бұл қазіргі кезде жиі болып тұрады, қанша дегенмен, дағдарыс кезеңі ғой... Құдайға шүкір, біз жұмыс істегелі не заман, бірақ, жалақыны кешіктіру деген мәселе бір де бір рет орын алған емес.

- Сіздің қызметіңіздегі ең қиыны не?

- Біз қиындықтарды тез жеңе аламыз. Мүмкін, біз оған ешқашан да аса мән бермегеннен болу керек – біздің жұмысымыз қашан да оңай болған емес! (күледіЕгер де жоспарлы түрде жұмыс істелінсе, соның арқасында, қызметтегі қиындықтарды да оңай жеңуге болады. 25 жыл өтті, мен сол 25  жылды әлі есіме түсіріп отырамын. Әрине, қиындықтар болды, бірақ мен оған аса мән бермеппін!

- Сіздің ойыңызша, 25 жылдан соң компания қандай болады деп ойлайсыз?

- 25 жылдан соң... Егер бүгінгі таңда холдингіде 15 - 20 компания болса, 25 жылдан соң, біз екі есе өсеміз деп ойлаймын! Бүгінде Райымбекте іске қосылатын жобалар өте көп. Бұл өндіріспен, саудамен, қоғамдық істермен байланысты жобалар, ол демеушілік көмектерді көп көрсетеді. Біз бүгінгі қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қоймаймыз деп ойлаймын!

 

 

Другие истории